Мұғалжар өңіірі

Мұғалжар тауы – Орал тауларының оңтүстік жалғасы, Ақтөбе облысының аумағында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 400 км-ге созылып жатыр. Ені - 200 км-дей. Орташа биіктігі - 300 м, ең биік жері – Үлкен Боқтыбай тауы (657 м). Солтүстігінде жіңішке бұйрат түрінде басталып, әрі қарай бір-біріне жарыса орналасқан екі қатар тізбекке бөлінеді. Олардың арасына беті сәл белесті ойыс бөледі (15-20 км). Жоталары кей жерлерде бір-бірімен төбелер жүйесі арқылы жалғасады. Аралық өңірлерде девон мен тас көмір дәуірінің құмтас пен әктас жыныстары таралған. Жоталар кембрийге дейінгі және палеозойлық кварцит, кристалдық тақтатас, гнейс, гранит, т.б. жыныстардан құралған. Батыс Мұғалжар, немесе Бас жота бір-бірімен тіркесіп, меридиан бағытында созылатын жеке қырқалар тізбегін түзеді. Оңтүстік бөлігі биік және қатты тілімденген. Шығыс Мұғалжар тауы аласы, төбесі тегіс шоқылар тізбегі түрінде. Солтүстік бөлігі айқын тау сипатында, оңтүстікке қарай бірте-бірте аласара береді де, маңайындағы жазықтан аз-ақ көтеріліп тұратын аласа төбеге айналып кетеді. Мұғалжар тауы 48 с.е. маңында аяқталады, одан оңтүстікте абсолютті биіктігі 250 м-ден аспайды. Мұғалжар тауы Ырғыз өзенінің салалары арасындағы суайрықты құрайды. Солтүстікке қарай Ор өзені ағып шығады. Климаты тым континентті, қысы суық, қар жамылғысы жұқа. Қаңтардың ортасындағы температурасы -15-180 С. Жазы ыстық, құрғақ, шілденің орташа температурасы 21-250 С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200-250 мм. Солтүстік бөлігінің қиыршықты тастақ даласында боз, бетеге, сұлыбас өскен. Оңтүстікке қарай астық тұқымдасты жусанды шөлейтке ауысады (бетеге, жусан, т.б.). Жыраларда анда-санда қайың, көктерек, тал, мойыл кездеседі. Қатты тау жыныстары жер бетіне шығып жататындықтан, өңір егін егуге қолайсыз. Егіншілікке пайдалануға жарамды жерлер тек аңғарларда ғана кездеседі. Жер асты суының қоры мол. Мұғалжар тауының қойнауында мыс, никель, марганец, сирек металдардың, фосфорит және тас көмірдің кен орындары барланған. Олардың кейбіреулері (никель, фосфорит, т.б.) өңдірілуде.
Жем /Ембі/ - ұзындығы 647 км, су жиналатын алқабы 45,7 км2. Мұғалжар тауының батыс беткейінен басталады. Жоғарғы ағысы құрғақ даламен, төменгі бөлігі Каспий маңы ойпатындағы шөл және шөлейт жерлермен өтеді. Темір өзені құйған түсқа дейінгі жоғарғы бөлігінде Жемнің аңғары 200-2000 м-ге дейін жетеді. Өзен арнасындағы иірім қара сулар бір-бірімен тармақтар арқылы жалғасады. Бұдан төмен қарай аңғары 7 км-ге дейін ұлғаяды. Өзен бір арнамен тармақтарға бөлініп ағады. Су мол жылдары Жемнің төменгі ағысындағы көлдер бір-бірімен қосыла тізбектеліп жатады. Су мол жылдары ғана өзен Каспий теңізіне құяды. Жазда суының тұздылығы артады. Көбіне қар суымен коректенеді. Жоғары бөлігінде судың 95% көктемде ағып өтеді. Жылдық орташа су шығыны Дүйсеке мекені тұсында 15,5м2/сек. Қарашада қатып, төменгі бөлігінде наурыздың аяғында, жоғары бөлігінде сәуірде мұз түседі. Басты салалары: Темір, Атжақсы. Жем алабынан мұнай өңдіреді.
Географиясы, табиғаты және табиғи қоры
Мұғалжар ауданы облыстың оңтүстік-шығысында, Елек өзенінің бойында орналасқан. Бұл территорияның солтүстік-батыс бөлігі Мұғалжар тауларынан бастысқа қарай Орал маңы үстірті аумағында жоғары Елек өзенін және Елек-Темір өзендері аралығын қамтиды. Және жазық бұйратты шоқылармен, көлденең жатқан палеоген шөгінділерімен қосылып, Елек өзені алабы бағытында эрозиялық денудациялық кертпештермен шектеледі. Бұл қазақ даласында көптеп кездесетін ұсақ шоқылар секілді шөгінді және магмалық жыныстардан түзілген ежелгі аласа таулы өлке. Мұғалжар тауының көтерілу процесі палеозойдың аяғындағы герцин тау түзілісіне дәл келеді. Каледон мен герцин қатпарларының әсерінен палеозой эрасының аяғында Қазақстан территориясының едәуір бөлігі жер қыртысының қатты учаскесіне айналған. Мұғалжар герцин (кейінгі палеозой) қатпарлы аймағына кіреді. Бұл өңірдегі атқыланған және шөгінділерден палеозой жыныстары аңғарылады. Орал тауының оңтүстігінде орналасқан және оның табиғи жалғасы болып табылатын Мұғалжар тауының Орал тауынан айырмашылығы оның шығыс беткейі көлбеу де, батыс беткейі тік болып келеді. Таудың орташа биіктігі – 450 м, ең биік нүктесі – Үлкен Боқтыбай. Өзеннің қатты ағысының салдарынан тілімделіп кеткен көптеген жыралар мен құрғақ өзекті Елек өзенінің және оның сан-салалы сағаларының басталар жері саналатын бұл жота батыстан көз салғанда биік фестонды тау тізбегі болып көрінеді. Ор-Елек су айрығы үстіртінен батыс бағытында жер бедерінің абсолютті белгісі біртіндеп су айрығында 300-320 м, су алабында 250-280 м дейін төмендейді. Рельефтің ең төменгі абсолютті белгісі (237 м) ауданның солтүстік шекарасы – Елек өзені және оңтүстік батысы – Темір өзені алаптарында аңғарылады. Территорияның солтүстік-шығыс бөлігі Ор-Елек су айрығының шығыс баурайында бөктерлі жазық болып келеді. Ол және Ор өзенінің сол жақ ағыстарының енді алқаптарымен терең ыдыратылған. Жазық шығысқа қарай еңкейе түседі. Мұндағы ең жоғарғы биіктік батыс бөлігінде (430 м дейін), ең төменгісі Ақсу өзені сағасында (289 м) байқалады. Рельеф амплитудасы Мұғалжар маңы жазығында 141 м терең. Жер бедерінің ерекшелігіне байланысты ауданның солтүстік-шығысы екіге бөлінеді: Мұғалжар тауларының солтүстік шеті мен Мұғалжар маңы жазығы. Мұғалжар таулары аласа төбелі және ұсақ шоқылы бөліктермен, кең арналы аңғар тәріздес тауаралық төмендеулермен бөлінген. Оның ішінде Қаратау сілемінің ең жоғарғы нүктесі болып табылатын солтүстік шыңы – Жамантаудың биіктігі – 560 м. Мұғалжар тауының бедерін құраушы басқа шындарынан Аққырап (525 м), Суықбұлақтау (525 м), САндықтауды (462 м) атауға болады. Ал ең төменгі абсолютті биіктік Ор өзенінің алабында (274 м) байқалады. Мұнддағы рельеф амплитудасы 286 м тең.
Оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аумақ Мұғалжар таулары шегінде орналасқан, жер бедерінде тілімденген жыралар мен топтанған шоқылар меридианды түрде созылып жатыр.
Оңтүстік-батыс бөлігінің аумағы аласа төбелі болып келеді, кішкентай өзен-көлдер (дені тартылып бара жатқан) кесіп өтеді, алайда арнасы құрғақ жылғалардан аққан жауын-шашын суларымен кескіленген жыралар мен шұңқырлар көптеп кездеседі. Жыралар мен шұңқырлардың ені 15 м, тереңдігі 9 м дейін. Төбешіктердің орташа биікті 40-60 м, баурайы 3-5 градус шамасында көлбеу, шындары күмбез тәрізді. Төбелердің абсолютті биіктігі 240-250 м.
Қазақстандағы Каспий теңізі бассейніне жататын үлкендігі жөнінен екінші өзен – Ембі өзені Мұғалжар тауының солтүстік-батысынан басталады. Ембі өзенінің аңғары жайпақ, текжоғары ағысында ғана тік беткейлі болып келеді. Төменіректе аңғары кеңейеді де, онда жазда кеуіп қалатын сорлар мен сортандар көп болады. Өзен алқабы бойында кейде биіктігі 1-10 м жететін жыралар да кездеседі.
Ембі өзенінің оң жақ жағасын Құмжарған және Көкжиде құм сілемдері ағып жатыр. Мұндағы құм дөңестерінің биіктігі – 4-8 м, баурайы жазық (10 градусқа дейін). Құмжарған және Көкжиде құмдарының шетінде аз ғана тал-шілік болмаса, әсіресе, Көкжиденің өзге алқаптарында өсімдіктің тамыр тартуы кемшін. Көкжиде құм сілемі Республикалық және халықаралық маңыздағы мемлекеттік табиғи-қорық қорына геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық нысан ретінде негізделген. Оның аумағында «Көкжиде» жерасты тұщы су көзі бар. Ауданның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан негізгі орографиялық көтерме Мұғалжар төбесі солтүстік-шығысқа сәл ғана ауытқуымен байқалатын меридиандық қатардағы тізбешіктер түрінде орналасқан біршама биік шоқы топтары ретінде көрінеді. Мұндағы ең жоғарғы нүкте биіктігі – 635 м болатын Айырық тауы. Айырық шығысқа қарай биіктігі 551 м болатын Күшік-Бай шоқыларымен. Одан әрі Құндызды өзенінің арғы жағында Дәу-Тау (619 м), Майбұлақ (590 м), Байнисай (572 м), Кингус (556 м), Ақтасты (546 м) тауларымен жалғасады.
Мұғалжар тауынан шығысқа қарай екінші төбе түрінде анағұрлым биік шоқылар, атап айтқанда, Обалы (503 м), Сарытау (490 м), Шортай (540 м), Рысқұл (470 м), Сарытау (492 м) және Қаратау (452 м) орналасқан. Орталарында Мибұлақ (475 м), Үшбұлақ (493 м), Ипантау (518 м) таулары бой көтерген, олар олар өзара қосыла келе тағы бір таулар тізбегін құрап жатыр. Оңтүстікке қарай бұл шоқылар төмендей беріп Бершүгір шоқысына барыпқосылады. Олар төмендеген сайын Жаңғызтау (503 м), Қарашоқы (513 м) және т.б. жекелеген шоқылар көтеріле береді. Бұл шоқылардың барлығын Ембі, Қайынды, Сырлыбай өзендерінің жыралары бөліп жатыр.
Тарихы
1965 жылдың 17 желтоқсанында Ақтөбе облысының құрамында жаңа Мұғаджар ауданы құрылады. Оның орталығы Ембі қалалық поселкесі болып белгіленеді. Жаңа ауданның құрамына Темір ауданының Бақтыөзен, Бөрлі, Егіндібұлақ, Еңбекші, Жұрын, Құмжарған, Орқаш, Шилі және Ембі ауылдық кеңестері мен Шалқар ауданының Мұғаджар ауылдық кеңесі қосылды. 1995 жылдың 22 шілдесінде Министрлер кабинетінің жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссияның шешімімен Мұгоджар ауданының тауы Мұғалжар ауданы болып өзгертілді. 60-жылдары Мұғалжар ауылында қиыршық тас зауыты салынды. 1960-1961 жж. Зауыттан алғашқы өнім алынды. 1970 жылы Қандыағаш қаласында «Чилисайтяжстрой» тресінің құрылыс жұмыстары басталды. 1978 жылы «Фосфорит-78» комсомол-жастар бригадасы құрылды. 1975-80 жж. аралығында Кандыағаш алып құрылыс алаңына айналып, мұнда көптеген тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар бой көтерді. 1967 жылы Ембі поселкесіне қала атағы берілді. 1969 жылы «Юбилейный» алтын өндіру кеніші іске қосылды.
1967 жылдың 11 қаңтарында Қандыағаш ауданының атауы Октябрь революциясының 50 жылдығына байланысты Октябрь ауданы болып өзгертілді. Октябрь ауданы құрамында негізгі бес совхоз (қой өсіру шаруашылығы) Талдысай ауылында орналасты. Ол 1963 жылы Ленин және Победа совхоздарынынң базасында құрылған. «Ильичевск» атындағы совхоз (қой өсіру шаруашылығы), Жұрын ауылында орналасқан, 1963 жылы Ильичев, Ленин совхоздарының базасында құрылған.
«Победа» совхозы (ет өндіру шаруашылығы) Покровка ауылында 1961 жылы құрылған.
«Пролетар» совхозы (сүт фермасы) Ақкемер ауылында 1929 жылы құрылған.
«Ақтөбе» тәжірибе стансасы Жұрын ауылында 1940 жылы Темір тәжірибе стансасының базасында құрылды. «Ақтөбе» совхозы (қой шаруашылығы) Ащысай ауылында, 1935 жылға дейін Темір ауданында, 1935-1962 жж. Жұрын ауданында болды.
1972 жылы Октябрь ауданынан Темір ауданы бөлініп орталығы Шұбарқұдық кенті болып қайта құрылды.
1997 жылдың 16 маусымында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызыл-Орда және Қостанай облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгеріс енгізу туралы Өкімімен Мұғалжар ауданы (бұрынғы Ембі ауданы) қысқартылып, Октябрь ауданы Мұғалжар ауданы, ал оның орталығы Октябрь қаласы – Қандыағаш қаласы болып өзгертілді.
Спорт
Қазақ ұлттық ойындарының дені спорттық сипатқа ие. Соның ішінде күрес, аударыспақ, арқан тартыс, мойын арқан, теңге ілу, бәйге, көкпар, алтын сақа, хан талапай, қыз қуу, тоғызқұмалақ, т.б. ойындардың халық салт-дәстүрінде алар өзіндік орны бар. Ұлттық ойындар той-думанның сәнін кіргізген. Сондықтан қазақ халқы спортты кеңес кезінде ғана таныды деу үлкен әбестік болар еді. Елдің нар тұлғалы түйе палуандары, желмен жарысқан желаяқтары, асаудың құлағында ойнаған шабандоздары, тұяқтыны бір қолымен өңгеріп әкетер білектілері талай аңызға арқау болған. Ең алғаш облыста 1924 жылы спорт ұйымдарын құру шаралары алынып, губерниялық кеңес құрылды. Осы кезден бастап мектептерде дене тәрбиесі сабағы енгізіле бастады. Сондай-ақ, Кандыағаш, Ембі теміржолшыларының тұңғыш дене тәрбиесі үйірмелері ашылды. 1948 жылы Ақтөбе қаласында А.С.Пушкин атындағы паркте «Ең таңдаулы спортшылардың» жарысы өткізілді. Оған жер-жерден, оның ішінде Темір ауданынан да спортшылар қатысқан. Футбол спорты Ақтөбе өңіріне 1936 жылдары келді. Алғаш команда құрамында жұмысшылар болды. Ембінің «Звезда» футбол командасы көптеген додаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. 1963 жылғы III спартакиадада еркін күрес палуаны, жерлесіміз Алексей Семкин алтыннан алқа тақты. Оған КСРО спорт шебері атағы берілді. Қазіргі таңда аудан көлемінде жыл сайын А.Семкиннің атына спорттық шаралар өткізіліп тұрады. 1973 жылы №1 қалалық спорт кешені салынды. Осы уақыттан бастап ауданда денешынықтыру және спортпен айналысушылар саны жылдан-жылға артты. Аудан бойынша 151 спорттық құрылым толық жұмыс жасайды. Қандыағаш, Ембі қалаларындағы екі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 22 түрінен 100 топта 1272 шәкірт спорттық білім алуда. Аудан спортшылары облыс, республика көлемінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. 1996 жылы Гаваннада өткен әлем чемпионатының, 2001 жж. Австралияда және Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының былғары қолғап спорт шебері, бокстан әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы және «А» класы бойынша халықаралық турнирлердің бес дүркін чемпионы Галиб Жафаров аудан мақтанышы. Қазіргі таңда Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларында үш стадион жұмыс жасайды. 2010 жылы Қандыағаш қалалық стадионы мен спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Қандыағаш, Ембі спорт мектептерінің аудан аумағындағы 8 елді мекенде филиалдары ашылып, жұмыс жасауда.
Әсіресе, пауэрлифтинг, дзюдо, самбо, ауыр атлетика, қазақша күрес, белбеу күрес, қол добы, валейбол мен футболдан аудан спортшылары жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Пауэрлифтингтен С.Ведюшкин, дзюдоданӘ.Алтыбай мен Э.Саламаттардың аудан спортшыларын тәрбиелеуде еңбегі ерекше. Пауэрлифтингтен Алматыда өткен қыздар мен әйелдер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы А.Ахметова, Болгарияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ж.Зарипова, 2006 жылы Болгариядағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Т.Тенелов, пауэрлифтингтен ҚР спорт шебері И.Ведюшкина, Г.Бижанова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ж.Абдуллина, Азия чемпионатының жеңімпазы А.Имангалиева, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы О.Черемисина, ҚР спорт шебері Н.Ведюшкина, ҚР спорт шеберлігіне үміткер Р.Бекенов, Д.Ведюшкина, Т.Әлімжанов, Ж.Қайырбаевтар аудан туын биік ұстап жүр. Ал дзюдодан Әли Алтыбайдың дайындаған спорт шеберлігіне үміткер М.Емжаров, Д.Құлпайыстанов, Н.Алдонгаров, Н.Сарсен, Қ.Алиқұлов, А.Хамидоллаев, И.Киікбаева, Д.Жолақметтердің ауданның жеңіс қоржынына қосқан үлесінің қомақты екенін атап айтқан жөн. Жоғары дәрежелі ұстаз жаттықтырушы Эдуард Саламат 5 спорт шеберін, 4 спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындады. Олар: самбодан ҚР спорт шебері М.Тұржанов, М.Көшеров, Б.Төлеуов, О.Саттаров, Н.Иманғазин, самбо, қазақ күресінен спорт шебері Т.Көбейсін. Қол добын өрге сүйреп жүрген Есет Әміржанов ауданда қол добынан екі спорт шебері бар. Олар – Ж.Ошақбаев пен А.Бейсетбаев. «Ақбидай» аудандық спартакиадасы жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұрады. САлауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік мерекелер қарсаңында қашықтыққа жүгіруден марафондар, тоғызқұмалақ, күрестен, т.б. спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, 2000 жылдан бері КСРО чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Семкиннің атына халықаралық дәстүрлі турнир ұйымдастырылып келеді. 2009-2010 жж. пауэрлифтингтен облыстық чемпионат өткізілді.
Мәдениет
Мұғалжар аудандық мәдениет бөлімі 1965 жылы Октябрь ауданы құрылған уақыттан бастап жұмыс жасап келеді. Аудандық мәдениет бөлімін алғаш Ғани Алтыбаев басқарды. 1967-1969 жылдары Мальцев Владилен Васильевич, 1970-1981 жылдар аралығында Тоқмырза Тіленбаев, 1981-1985 жылдары мамандығы филолог Нағашыбай Балмаханов, Құралай Байменова басқарды. 1986 жылдан бастап осы күнге дейін Әбілхан Алдаберген басқарып келеді. 1997 ж. Бөлімнің атауы «Мұғалжар аудандық мәдениет бөлімі» болып өзгертілді. 2005 жылы «Мұғалжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Қазіргі таңда Мұғалжар ауданы бойынша 16 Мәдениет үйі мен клуб, 16 кітапхана және 1 саябақ, 2 мұражай жұмыс жасайды. Барлығы 35 мәдениет ошағы бар. Ауданда «Халықтық» атағы бар жеті ұжым қалыптасып үлгерді. Олар – халықтық театр, хор, ұлт-аспаптар оркестрлері, «Триумф», «Алтынзер», «Құралай» бишілер тобы, «Көкай» әзіл-сықақ театры, «Қарлығаш» вокал тобы. Бұл шығармашылық ұжымдар бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпаздары болды. Ауданда дәстүрге айналған «Айналайын», «Алтын микрофон», «Патриоттық әндер», «Жем аруы», «Ән әлдиі», «Би думаны», «Жем самалы», «Жас дәурен», «Жұбанов көктемі», «Кішкентай модельер» байқаулары мен «Мемлекеттік тіл- ұлт тірегі» фестивалі тұрақты өткізіліп келеді. Аталмыш байқауларға тек қана мектеп оқушылары ғана емес, аудандағы мекеме, кәсіпорындар, ауылдық окоугтерден өнерлі ұжымдар белсене атсалысады. Мәдениет ошақтарында би үйірмелері де көптеп ашылуда.
Аудандық тарихи- өлкетану мұражайы 2004 жылдың 16 тамызынан бастап жұмыс жасап келеді. Ашылған кезде мұражай қорында небәрі 635 жәдігер болса, қазіргі таңда мұнда 3 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Қорға түскен жәдігерлер мұқият зерттеліп, тексеріліп, толық құжатталып тізімге алынады. Шамамен XVII ғасырда жасалған қыш құмыра, екі ғасырлық тарихы бар сүйекпен, жезбен өрнектелген шәй сандық, сүйекпен өрнектелген домбыра, халық батыры, тарихи тұлға – Көтібар Бәсенұлының көне бейітінен әкелінген құлыптас аудандық мұражайда құнды жәдігер ретінде сақталып тұр. Сондай-ақ мұражайда Мұғалжар жерінен Ғани Мұратбаев пен Әліби Жангелдиннің өткенін айғақтайтын мемориалдық тақталар сақталған.
Ағайынды Жұбановтар мұражайы 1983 жылы ашылды. Алғашында мұражайға жерлесіміз ғалым, профессор, сазгер А. Жұбановтың атағы берілген болатын. 1991 жылдың сәуір айында Құдайберген Жұбановтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражайға «Ағайынды Жұбановтар» аты берілді. Мұражай қорында сол кездегі 800 – ге жуық жәдігерлер: ағ.Жұбановтардың жазған еңбектері, әріптестерімен, тума-туыстарымен түскен фотосуреттері, деректері мақалалары, естелікері, тұтынған бұйымдары жинақталған. Мұражай қорында 1994 жәдігер жинақталған. Оның 1335 жәдігері негізгі қорға, ал 659 жәдігері қосалқы қорға тіркелген.