Ішкі бақылау жүргізудің тәртібі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы № 35 бұйрығымен бекітілген
Ішкі бақылау жүргізудің тәртібі
36. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі бақылауды (бұдан әрі – ішкі бақылау) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелерін үйлестіретін тиісті құрылымдық бөлімшелері бақылау іс-шарасы және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингі нысанында жүзеге асырады. 37. Орталық мемлекеттік органның мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелерін үйлестіретін құрылымдық бөлімшесі орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары, ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ қызметін үйлестіруді орталық мемлекеттік орган жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізеді. 38. Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесін үйлестіретін құрылымдық бөлімшесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары, ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ қызметін үйлестіруді жергілікті атқарушы орган жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар көрсететін мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізеді.
1-параграф. Бақылау іс-шарасын жүргізудің тәртібі
39. Бақылау іс-шарасы бақылау объектілерінің бұзушылықтарын анықтау, жою және оларға жол бермеу мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасының сақталу бойынша ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын өзара байланысты бақылау іс-қимылдарының кешені болып табылады. 40. Бақылау іс-шараларын жүргізуге негіз болып табылатын құжаттар: жоспарланатын жылдан алдыңғы жылдың 25 желтоқсанынан кешіктірмей, орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы орган басшылығының бұйрығымен бір жылға бекітілетін бақылау іс-шараларының жоспары; мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингі нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы орган басшылығының бақылау іс-шарасын тағайындау туралы бұйрығы. 41. Бақылау іс-шаралары жоспарында бақылауға жататын мәселелер мен объектілердің тізбесі, жүргізу мерзімдері, аяқтау нысандары және бақылау іс-шараларына жауапты орындаушылар көрсетіледі. 42. Бақылау іс-шарасын жүргізудің мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, қойылған міндеттер мен объектілер саны ескеріле отырып белгіленеді және күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс. 43. Объективті себептер болған жағдайда, бақылау іс-шарасының мерзімі ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің дәлелді ұсынысы бойынша орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы орган басшылығының бұйрығы негізінде күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады. 44. Бақылау іс-шарасын жүргізуден бұрын ішкі бақылауды жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің қызметкері (бұдан әрі – жауапты орындаушы) бақылау іс-шарасын жүргізу басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей бақылау объектісін жазбаша түрде хабардар етеді. 45. Бақылау іс-шарасының басталу мерзімі бақылау объектісіне бақылау іс-шарасын тағайындау туралы бұйрықты беру күні болып есептеледі. 46. Бақылау іс-шарасын жүргізу кезінде жауапты орындаушылар: 1) олар белгілеген мерзімде бақылау объектілерінен бақылау іс-шарасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратады және алады; 2) мемлекеттік құпия туралы заңнаманы және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтауды ескере отырып, бақылау объектісінің бақылау іс-шарасының мәселелеріне қатысты құжаттамасымен кедергісіз танысады; 3) электрондық нұсқада көрсетілген мемлекеттік қызметтер туралы, «Мониторинг» АЖ-де көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерінің бұзылуы туралы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесі бойынша келіп түскен шағымдар және оларды қарау нәтижелері туралы мәліметтерді пайдаланады; 4) ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің құзыретіне кіретін өзге де әрекеттерді жүзеге асырады. 47. Қажет болған жағдайда, бақылау іс-шарасын жүргізуге бақылау объектісімен азаматтық-құқықтық және еңбек қатынастарында тұрмайтын сарапшылар, сараптама ұйымдары және мамандар тартылады. 48. Бақылау іс-шарасы аяқталған соң жауапты орындаушылар бақылау іс-шарасының актісін екі данада жасайды және оған қол қояды. Бақылау іс-шарасы актісінің бір данасы бақылау іс-шарасын тағайындау туралы бұйрықта көрсетілген аяқталу мерзімінен кешіктірмей, бақылау объектісінің басшысына таныстыру үшін ұсынылады. Танысудан бас тартқан жағдайда, бақылау іс-шарасының актісінде бас тартқаны туралы белгі қойылады. Танысудан бас тарту бақылау іс-шарасының материалдарын одан әрі іске асыру үшін кедергі болып табылмайды. 49. Бақылау нәтижелері туралы актіде: 1) актінің жасалған күні, уақыты және орны; 2) бақылау іс-шарасы жүргізілген бақылау объектісінің атауы, бақылау объектісінің бақылау іс-шарасын жүргізу кезінде болған өкілінің (өкілдерінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және лауазымы; 3) оның негізінде бақылау іс-шарасы жүргізілген, бақылау іс-шарасын тағайындау туралы бұйрықтың жасалған күні мен нөмірі; 4) бақылау іс-шарасын жүргізген жауапты орындаушылардың тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) және лауазымы; 5) бақылау іс-шарасының жүргізілген күні, орны және кезеңі; 6) бақылау объектісінің қызметін талдау; 7) бақылау іс-шарасының нәтижелері туралы, анықталған бұзушылықтар фактілері болса, олар туралы мәліметтер; 8) мемлекеттік қызметтерді сапасыз көрсетудің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасы талаптарының орындалмауының себептерін талдау; 9) орындау мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында ішкі ресімдерді жақсарту бойынша ұсынымдар; 10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылу фактілері анықталған жағдайда бұзушылықты жасаған кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша ұсынымдар; 11) бақылау объектісі басшысының актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны, сондай-ақ бақылау іс-шарасын жүргізу кезінде болған адамдардың қолдары немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы мәліметтер; 12) бақылау іс-шарасын жүргізген жауапты адамдардың қолдары көрсетіледі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылу фактілері анықталған жағдайда, бақылау іс-шарасы материалдарына олардың құжаттары, анықтамалары, құжаттардың тиісті түрде расталған көшірмелері, сондай-ақ оларға қатысы бар лауазымды адамдардың функционалдық міндеттеріне байланысты олардың жазбаша түсініктемелері қоса тіркеледі. 50. Бақылау объектісінің басшысы бақылау іс-шарасының актісі таныстырылуға ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде: бақылау іс-шарасының нәтижесімен келіскен жағдайда – бақылау іс-шарасы актісінің екі данасына да қол қояды; бақылау іс-шарасының нәтижесімен келіспеген жағдайда – ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге бақылау іс-шарасының актісіне еркін түрде қарсылықтарын жолдайды. Қарсылықтар бақылау іс-шарасының актісіне қоса тіркеледі, ол туралы актіде тиісті белгі қойылады. 51. Ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімше бақылау іс-шарасы аяқталғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның басшысына бақылау іс-шарасының материалдары мен актісін ұсынады. 52. Бақылау іс-шарасының материалдары мен актісін қарау нәтижесі бойынша келесі шешімдердің бірі: 1) бақылау объектісі басшысының атына анықталған бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтер көрсетудің ішкі ресімдерін жақсарту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттеріне тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін оңтайландыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдар бар хат (бұдан әрі – ұсынымдар бар хат) жолдау туралы; 2) ұсынымдар болмаған жағдайда, бақылау іс-шарасының материалдары мен актісіндегі ақпаратты назарға алу туралы шешім қабылданады. 53. Осы Қағидалар 52-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, бақылау объектісі ұсынымдар бар хатты алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою және ұсынымдарды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) қарауға ұсынады. 54. Іс-шаралар жоспары бақылау объектісінің жауапты орындаушыларды, орындалу мерзімдерін және аяқталу нысандарын көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою және ұсынымдарды орындау бойынша шаралар тізбесін қамтиды. 55. Бақылау объектісі ұсынымдар бар хатта көрсетілген мерзімдерде ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге Іс-шаралар жоспарын орындау бойынша ақпаратты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдардың жауапкершілікке тартылғаны туралы құжаттардың расталған көшірмелерін ұсынады.
2-параграф. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингі
56. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының мониторингін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ішкі бақылау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшелері тоқсан сайын жүргізеді және мыналарды: 1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын жария талқылау үшін орналастыруды, жария талқылаудың аяқталуы туралы есептерді (орталық мемлекеттік органдар үшін), мемлекеттік қызметтерді «электрондық үкімет» веб-порталында, мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында көрсету мәселелері бойынша қызмет туралы есептерді талдауды; 2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бекітілген стандарттарының (орталық мемлекеттік органдар үшін) және регламенттерінің болуы, оларды бекіту мерзімдерінің сақталуын, оларды «электрондық үкімет» веб-порталында, мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналасуын талдауды; 3) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының және регламенттерінің өзектендіру қажеттігін талдауды; 4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді табу және/немесе жою бойынша заңнаманы талдауды; 5) Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша бірыңғай байланыс-орталығында, мемлекеттік қызметтер көрсетілетін орындарда, «электрондық үкімет» веб-порталында, мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібі туралы ақпараттың өзектілігін талдауды; 6) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бизнес-процесін талдауды; 7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын талдауды; 8) Қазақстан Республикасы заңдарында, сондай-ақ екінші санаттағы рұқсатты беру кезінде нормативтік құқықтық актілерде көзделмеген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту, көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды не мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында реттелмеген құжаттарды талап ету фактілерін анықтауды; 9) мүмкіндіктері шектеулі адамдардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуы кезінде оларға қажетті жағдайдың болуын талдауды; 10) «Мониторинг» АЖ-ге мемлекеттік қызметті көрсету кезеңі туралы деректерді енгізуді талдауды; 11) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің қорытындыларын талдауды; 12) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу үшін қажетті қосымша ақпарат алу үшін мемлекеттік органға өтінішті; 13) көрсетілетін қызметті алушылардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша шағымдары мен арыздарын қарауды және оларға талдау жүргізуді қамтиды. 57. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің қорытындысы бойынша ішкі бақылауға жауапты құрылымдық бөлімше: 1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің бизнес-процестерін жетілдіру, оның ішінде оларды автоматтандыру, оңтайландыру және Мемлекеттік корпорация арқылы оларды көрсетуге көшіру; 2) Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен регламенттеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу; 3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасы сақталмауының анықталған фактілерін жою; 4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылу фактілері бойынша бақылау іс-шараларын жүргізу; 5) Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша бірыңғай байланыс-орталығында, мемлекеттік қызметтер көрсетілетін орындарда, «электрондық үкімет» веб-порталында, мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібі туралы ақпараттың өзектілігі; 6) көрсетілетін қызметті алушыларды мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібі туралы ақпараттандыру бойынша түсіндірме іс-шараларын жүргізу; 7) қызметкерлердің мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдарды әзірлейді. 58. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің қорытындысы бойынша ұсынымдар оларды орындау бойынша шараларды қабылдау туралы ақпараттандыру мерзімін көрсете отырып, көрсетілетін қызметті алушыларға жіберу үшін мемлекеттік органның басшылығына келісуге және мақұлдауға енгізіледі.
3-параграф. Министрлікке және оның аумақтық органдарына ішкібақылау бойынша жұмыс туралы есептерді ұсынудың тәртібі
59. Осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тоқсан сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 7-нші күніне дейін талдамалық анықтаманы қоса отырып, ішкі бақылау бойынша жұмыс туралы есепті: орталық мемлекеттік органдар Министрлікке; орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері Министрліктің аумақты органдарына ұсынады. Есеп орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары, ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ қызметін үйлестіруді орталық мемлекекттік орган жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар көрсететін мемлекеттік қызметтер сапасын ішкі бақылаудың қорытындысын қамтиды. 60. Жергілікті атқарушы органдар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ішкі бақылау бойынша жұмыс туралы есепті талдамалық анықтаманы қоса отырып, Министрлікке және оның аумақтық органдарына тоқсан сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 7-нші күніне дейін ұсынады. Есеп облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, сондай-ақ қызметін үйлестіруді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар көрсететін мемлекеттік қызметтер сапасын ішкі бақылаудың қорытындысын қамтиды. 61. Ішкі бақылау бойынша жұмыс туралы ұсынылған есеп орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдар түзету қажеттігі туралы растайтын материалдарды ұсынған жағдайда ғана есептік жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Министрліктің және оның аумақтық органдарының түзетуіне жатады. 62. Есеп міндетті түрде толық толтырылады, нысанда қалдырып кеткен, толтырылмаған кесте ұяшығының болуына жол берілмейді. Мәліметтер болмаған жағдайда тиісті кесте ұяшығында «-» белгісі қойылады. 63. Есепке талдамалық анықтамаға ішкі бақылау бойынша жұмыс туралы есептік нысанда көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті материалдар (бұрықтардың, хаттамалардың, шешімдердің, хаттардың, анықтамалардың, қызметтік жазбалардың көшірмелері, фотоматериалдар) қоса беріледі.
4. Министрлікке оның аумақтық органдарының талдамалық ақпаратты ұсынуының тәртібі
64. Министрліктің аумақтық органдарының жұмысын реттеу мақсатында олар мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау жұмысының қорытындысы туралы талдамалық ақпаратты тоқсан сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-ыншы күніне дейін ұсынады. 65. Талдамалық ақпарат есептік кезеңдегі келесі мәліметтерді: 1) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамытудың негізгі сипаттамаларын, атап айтқанда: жетекшілік ететін өңірде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласының қазіргі жағдайы туралы мәліметтерді; көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санын; мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің талап етілу деңгейі; өзге де мәліметтерді; 2) жетекшілік ететін өңірде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласының проблемалы мәселелерін және оларды шешу бойынша шараларды, оның ішінде: жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге шағымдарын талдау қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар проблемалы мәселелер туралы мәліметтерді; жетекшілік ететін әкімшілік-аумақтық бірлік және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша бұзушылықтар картасын; мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну орындарында, көрсетілетін қызметті берушілердің интернет-ресурстарында, сенім телефондарында олардың тәртібі туралы өзекті ақпараттың болуын; орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақты бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар ұсынатын ішкі бақылау бойынша жұмыс туралы есептің сапасы, толықтығы және растығы туралы мәліметтерді; осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасында бар құқықтық коллизиялар мен олқылықтар туралы мәліметтерді; 3) мемлекеттік бақылау шараларының нәтижелерін, атап айтқанда: осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдеріне, ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты тексеру нәтижелері туралы ақпаратты; тәуекелдерді бағалау жүйесінің негізінде орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдарының есептік деректерін қайта тексеру нәтижелерін, мерзімдері бұзылып көрсетілген мемлекеттік қызметтердің, түскен шағымдардың саны және тағы басқа мәліметтері бойынша анықталған сәйкессіздіктері туралы ақпаратты; «Мониторинг» АЖ-нің шеңберінде анықталған мемлекеттік қызметтер көрсетуден негізсіз бас тартқаны мен олардың мерзімдері бұзылғаны және олар бойынша қабылданған шараларды; басқа да мәліметтерді; 4) аумақтық органның мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша жүргізген жұмысы туралы мәліметтерді, атап айтқанда: сапаны және ішкі бақылау шеңберінде ұсынылатын ақпараттың растығын арттыру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының бұзылуына жол бермеу бойынша іс-шараларды көрсетілетін қызметті берушілермен бірлесіп жүзеге асырудың барысы туралы ақпаратты; бизнес-процесін схемалық бейнелей отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ресімін жетілдіру (оның ішінде оларды автоматтандыру, оңтайландыру, Мемлекеттік корпорация арқылы оларды көрсетуге көшіру, композиттік қызметке біріктіру бойынша) жолданған ұсынымдарды; мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және көрсетілетін қызметті берушілер бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету орындарында, көрсетілетін қызметті берушілердің интернет-ресурстарында, сенім телефондарында оларды көрсетудің тәртібі туралы ақпаратты өзектендіру бойынша жолданған ұсынымдарды; Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасын, мемлекеттік бақылауды жүргізу, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстарды; үкіметтік емес ұйымдар жүргізген мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының қоғамдық мониторингі туралы мәліметтерді; Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне қызметтерді енгізу бойынша ұсыныстарды, атап айтқанда осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысанда мемлекеттік орган функциясының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің белгілеріне сәйкестігі туралы мәліметтерді және осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оларды Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне қосу үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтерді; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының жанындағы Қоғамдық кеңестер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы өзекті мәселелерді және оларды шешу бойынша ұсыныстарды қарау қорытындысы туралы ақпаратты; аумақтық органдардың көрсетілетін қызметті алушыларды мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тәртібі туралы ақпараттандыруды жоғарылату бойынша түсіндірме іс-шараларын (конференциялар, семинарлар, кеңестер, акциялар, «дөңгелек үстелдер», брифингтер, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мәселелері бойынша өзге де іс-шаралар) жүргізгені туралы мәліметті қамтиды.