Спорт

Спорт
Қазақ ұлттық ойындарының дені спорттық сипатқа ие. Соның ішінде күрес, аударыспақ, арқан тартыс, мойын арқан, теңге ілу, бәйге, көкпар, алтын сақа, хан талапай, қыз қуу, тоғызқұмалақ, т.б. ойындардың халық салт-дәстүрінде алар өзіндік орны бар. Ұлттық ойындар той-думанның сәнін кіргізген. Сондықтан қазақ халқы спортты кеңес кезінде ғана таныды деу үлкен әбестік болар еді. Елдің нар тұлғалы түйе палуандары, желмен жарысқан желаяқтары, асаудың құлағында ойнаған шабандоздары, тұяқтыны бір қолымен өңгеріп әкетер білектілері талай аңызға арқау болған. Ең алғаш облыста 1924 жылы спорт ұйымдарын құру шаралары алынып, губерниялық кеңес құрылды. Осы кезден бастап мектептерде дене тәрбиесі сабағы енгізіле бастады. Сондай-ақ, Кандыағаш, Ембі теміржолшыларының тұңғыш дене тәрбиесі үйірмелері ашылды. 1948 жылы Ақтөбе қаласында А.С.Пушкин атындағы паркте «Ең таңдаулы спортшылардың» жарысы өткізілді. Оған жер-жерден, оның ішінде Темір ауданынан да спортшылар қатысқан. Футбол спорты Ақтөбе өңіріне 1936 жылдары келді. Алғаш команда құрамында жұмысшылар болды. Ембінің «Звезда» футбол командасы көптеген додаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. 1963 жылғы III спартакиадада еркін күрес палуаны, жерлесіміз Алексей Семкин алтыннан алқа тақты. Оған КСРО спорт шебері атағы берілді. Қазіргі таңда аудан көлемінде жыл сайын А.Семкиннің атына спорттық шаралар өткізіліп тұрады. 1973 жылы №1 қалалық спорт кешені салынды. Осы уақыттан бастап ауданда денешынықтыру және спортпен айналысушылар саны жылдан-жылға артты. Аудан бойынша 151 спорттық құрылым толық жұмыс жасайды. Қандыағаш, Ембі қалаларындағы екі Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 22 түрінен 100 топта 1272 шәкірт спорттық білім алуда. Аудан спортшылары облыс, республика көлемінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. 1996 жылы Гаваннада өткен әлем чемпионатының, 2001 жж. Австралияда және Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында өткен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, Қазақстан Республикасының былғары қолғап спорт шебері, бокстан әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы және «А» класы бойынша халықаралық турнирлердің бес дүркін чемпионы Галиб Жафаров аудан мақтанышы. Қазіргі таңда Қандыағаш, Ембі, Жем қалаларында үш стадион жұмыс жасайды. 2010 жылы Қандыағаш қалалық стадионы мен спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Қандыағаш, Ембі спорт мектептерінің аудан аумағындағы 8 елді мекенде филиалдары ашылып, жұмыс жасауда.
Әсіресе, пауэрлифтинг, дзюдо, самбо, ауыр атлетика, қазақша күрес, белбеу күрес, қол добы, валейбол мен футболдан аудан спортшылары жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Пауэрлифтингтен С.Ведюшкин, дзюдоданӘ.Алтыбай мен Э.Саламаттардың аудан спортшыларын тәрбиелеуде еңбегі ерекше. Пауэрлифтингтен Алматыда өткен қыздар мен әйелдер арасында Азия чемпионатының жеңімпазы А.Ахметова, Болгарияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ж.Зарипова, 2006 жылы Болгариядағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Т.Тенелов, пауэрлифтингтен ҚР спорт шебері И.Ведюшкина, Г.Бижанова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ж.Абдуллина, Азия чемпионатының жеңімпазы А.Имангалиева, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы О.Черемисина, ҚР спорт шебері Н.Ведюшкина, ҚР спорт шеберлігіне үміткер Р.Бекенов, Д.Ведюшкина, Т.Әлімжанов, Ж.Қайырбаевтар аудан туын биік ұстап жүр. Ал дзюдодан Әли Алтыбайдың дайындаған спорт шеберлігіне үміткер М.Емжаров, Д.Құлпайыстанов, Н.Алдонгаров, Н.Сарсен, Қ.Алиқұлов, А.Хамидоллаев, И.Киікбаева, Д.Жолақметтердің ауданның жеңіс қоржынына қосқан үлесінің қомақты екенін атап айтқан жөн. Жоғары дәрежелі ұстаз жаттықтырушы Эдуард Саламат 5 спорт шеберін, 4 спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындады. Олар: самбодан ҚР спорт шебері М.Тұржанов, М.Көшеров, Б.Төлеуов, О.Саттаров, Н.Иманғазин, самбо, қазақ күресінен спорт шебері Т.Көбейсін. Қол добын өрге сүйреп жүрген Есет Әміржанов ауданда қол добынан екі спорт шебері бар. Олар – Ж.Ошақбаев пен А.Бейсетбаев. «Ақбидай» аудандық спартакиадасы жыл сайын дәстүрлі өткізіліп тұрады. САлауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік мерекелер қарсаңында қашықтыққа жүгіруден марафондар, тоғызқұмалақ, күрестен, т.б. спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, 2000 жылдан бері КСРО чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Семкиннің атына халықаралық дәстүрлі турнир ұйымдастырылып келеді. 2009-2010 жж. пауэрлифтингтен облыстық чемпионат өткізілді.