Жағырапия

Мұғалжар ауданы облыстың оңтүстік-шығысында, Елек өзенінің бойында орналасқан. Бұл территорияның солтүстік-батыс бөлігі Мұғалжар тауларынан бастысқа қарай Орал маңы үстірті аумағында жоғары Елек өзенін және Елек-Темір өзендері аралығын қамтиды. Және жазық бұйратты шоқылармен, көлденең жатқан палеоген шөгінділерімен қосылып, Елек өзені алабы бағытында эрозиялық денудациялық кертпештермен шектеледі. Бұл қазақ даласында көптеп кездесетін ұсақ шоқылар секілді шөгінді және магмалық жыныстардан түзілген ежелгі аласа таулы өлке. Мұғалжар тауының көтерілу процесі палеозойдың аяғындағы герцин тау түзілісіне дәл келеді. Каледон мен герцин қатпарларының әсерінен палеозой эрасының аяғында Қазақстан территориясының едәуір бөлігі жер қыртысының қатты учаскесіне айналған. Мұғалжар герцин (кейінгі палеозой) қатпарлы аймағына кіреді. Бұл өңірдегі атқыланған және шөгінділерден палеозой жыныстары аңғарылады. Орал тауының оңтүстігінде орналасқан және оның табиғи жалғасы болып табылатын Мұғалжар тауының Орал тауынан айырмашылығы оның шығыс беткейі көлбеу де, батыс беткейі тік болып келеді. Таудың орташа биіктігі – 450 м, ең биік нүктесі – Үлкен Боқтыбай. Өзеннің қатты ағысының салдарынан тілімделіп кеткен көптеген жыралар мен құрғақ өзекті Елек өзенінің және оның сан-салалы сағаларының басталар жері саналатын бұл жота батыстан көз салғанда биік фестонды тау тізбегі болып көрінеді. Ор-Елек су айрығы үстіртінен батыс бағытында жер бедерінің абсолютті белгісі біртіндеп су айрығында 300-320 м, су алабында 250-280 м дейін төмендейді. Рельефтің ең төменгі абсолютті белгісі (237 м) ауданның солтүстік шекарасы – Елек өзені және оңтүстік батысы – Темір өзені алаптарында аңғарылады. Территорияның солтүстік-шығыс бөлігі Ор-Елек су айрығының шығыс баурайында бөктерлі жазық болып келеді. Ол және Ор өзенінің сол жақ ағыстарының енді алқаптарымен терең ыдыратылған. Жазық шығысқа қарай еңкейе түседі. Мұндағы ең жоғарғы биіктік батыс бөлігінде (430 м дейін), ең төменгісі Ақсу өзені сағасында (289 м) байқалады. Рельеф амплитудасы Мұғалжар маңы жазығында 141 м терең. Жер бедерінің ерекшелігіне байланысты ауданның солтүстік-шығысы екіге бөлінеді: Мұғалжар тауларының солтүстік шеті мен Мұғалжар маңы жазығы. Мұғалжар таулары аласа төбелі және ұсақ шоқылы бөліктермен, кең арналы аңғар тәріздес тауаралық төмендеулермен бөлінген. Оның ішінде Қаратау сілемінің ең жоғарғы нүктесі болып табылатын солтүстік шыңы – Жамантаудың биіктігі – 560 м. Мұғалжар тауының бедерін құраушы басқа шындарынан Аққырап (525 м), Суықбұлақтау (525 м), САндықтауды (462 м) атауға болады. Ал ең төменгі абсолютті биіктік Ор өзенінің алабында (274 м) байқалады. Мұнддағы рельеф амплитудасы 286 м тең.
Оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аумақ Мұғалжар таулары шегінде орналасқан, жер бедерінде тілімденген жыралар мен топтанған шоқылар меридианды түрде созылып жатыр.
Оңтүстік-батыс бөлігінің аумағы аласа төбелі болып келеді, кішкентай өзен-көлдер (дені тартылып бара жатқан) кесіп өтеді, алайда арнасы құрғақ жылғалардан аққан жауын-шашын суларымен кескіленген жыралар мен шұңқырлар көптеп кездеседі. Жыралар мен шұңқырлардың ені 15 м, тереңдігі 9 м дейін. Төбешіктердің орташа биікті 40-60 м, баурайы 3-5 градус шамасында көлбеу, шындары күмбез тәрізді. Төбелердің абсолютті биіктігі 240-250 м.
Қазақстандағы Каспий теңізі бассейніне жататын үлкендігі жөнінен екінші өзен – Ембі өзені Мұғалжар тауының солтүстік-батысынан басталады. Ембі өзенінің аңғары жайпақ, текжоғары ағысында ғана тік беткейлі болып келеді. Төменіректе аңғары кеңейеді де, онда жазда кеуіп қалатын сорлар мен сортандар көп болады. Өзен алқабы бойында кейде биіктігі 1-10 м жететін жыралар да кездеседі.
Ембі өзенінің оң жақ жағасын Құмжарған және Көкжиде құм сілемдері ағып жатыр. Мұндағы құм дөңестерінің биіктігі – 4-8 м, баурайы жазық (10 градусқа дейін). Құмжарған және Көкжиде құмдарының шетінде аз ғана тал-шілік болмаса, әсіресе, Көкжиденің өзге алқаптарында өсімдіктің тамыр тартуы кемшін. Көкжиде құм сілемі Республикалық және халықаралық маңыздағы мемлекеттік табиғи-қорық қорына геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық нысан ретінде негізделген. Оның аумағында «Көкжиде» жерасты тұщы су көзі бар. Ауданның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан негізгі орографиялық көтерме Мұғалжар төбесі солтүстік-шығысқа сәл ғана ауытқуымен байқалатын меридиандық қатардағы тізбешіктер түрінде орналасқан біршама биік шоқы топтары ретінде көрінеді. Мұндағы ең жоғарғы нүкте биіктігі – 635 м болатын Айырық тауы. Айырық шығысқа қарай биіктігі 551 м болатын Күшік-Бай шоқыларымен. Одан әрі Құндызды өзенінің арғы жағында Дәу-Тау (619 м), Майбұлақ (590 м), Байнисай (572 м), Кингус (556 м), Ақтасты (546 м) тауларымен жалғасады.
Мұғалжар тауынан шығысқа қарай екінші төбе түрінде анағұрлым биік шоқылар, атап айтқанда, Обалы (503 м), Сарытау (490 м), Шортай (540 м), Рысқұл (470 м), Сарытау (492 м) және Қаратау (452 м) орналасқан. Орталарында Мибұлақ (475 м), Үшбұлақ (493 м), Ипантау (518 м) таулары бой көтерген, олар олар өзара қосыла келе тағы бір таулар тізбегін құрап жатыр. Оңтүстікке қарай бұл шоқылар төмендей беріп Бершүгір шоқысына барыпқосылады. Олар төмендеген сайын Жаңғызтау (503 м), Қарашоқы (513 м) және т.б. жекелеген шоқылар көтеріле береді. Бұл шоқылардың барлығын Ембі, Қайынды, Сырлыбай өзендерінің жыралары бөліп жатыр.